– Болат Санабайұлы, соғысқа солдат ретінде қатысу бар да, сол соғысты тарихшы ретінде зерттеу бар. Ауған соғысының ақиқатын ашуда материалдарды қайдан, қалай таптыңыз, ең алдымен неге сүйендіңіз?
– Әскерден келгеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Сөйтіп мен оқу бітіргенде Кеңес әскерлерінің шектеулі континнгенті Ауғанстаннан әкетіліп, оған 1989 жылдан бастап саяси баға беру басталды. Сол сәтте менің Ауғанстанда әскери борышымды өтегенімнен хабардар тарих ғылымдарының докторы, профессор Керейхан Рақымжанұлы Аманжолов ағамыз ғылым жолын таңдауыма кеңес берді және өзі ғылыми жетекші болатынын айтты. Тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Асылхан Құрманбаев, Кеңес Нұрпейісов сынды ғалымдар ұстаздық әрі ағалық қамқорлықтарын көрсетті.
90-жылдардың басында менің тақырыбыма қатысты еңбектер аз болды. Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысты жарияланымдар Ресейдегі «Коммунист вооруженных сил», «Военно-исторический журнал», «Красная звезда», «Комсомольская правда» және т.б. басылымдарда жарияланды. Бірақ бұл материалдарда қазақстандықтар туралы айтылмады. Сондықтан қазақстандықтардың бұл соғысқа қатысуы мен олардың шығынын білу үшін статистикалық мәліметтерді анықтауда көп тер төгуге тура келді. Алдымен Алматы қаласындағы «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының» жеке мұрағат қорларын, осы қаладағы офицерлер үйінің қорлары мен кітапханасын (қазіргі Армия үйі), Қорғаныс министрлігінің мұрағатын, Ресейдің Подольск қаласында орналасқан әскери мұрағатты, соғысқа қатысушылардың жеке мұрағатын, Ғылым академиясы мен ұлттық кітапхананың қорларын, әрбір облыстағы Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары мен мұрағат қорларын және осы соғысқа қатысты қандай да бір дерек табылады-ау деген орындардың барлығын зерттедім.
Ең қиыны қазақстандықтардың қатысуы мен шығынын облыстар бойынша жеке саралап шығу болды. Өйткені Қазақстанда бұл жөнінде еңбектер ол кезде жоқтың қасы еді.
– Ауғанстандағы қырғынды көзбен көрген, кейіннен зерттеген ғалым ретінде айтыңызшы, бұл соғыс қимылдарын қалай бағалауымыз керек? Жалпы алғанда, Ауған соғысы өзінің тарихи бағасын ала алды ма?
– Ауған жанжалының бүкіл әлемді дүрліктіргені, әсіресе сол кезде КСРО құрамында болған он бес одақтас республика халқын қатты абыржытқаны, мырыш табыттардың бірінен кейін бірі елге судай ағылғаны бұл жерде әскери қимылдар емес, шығыны көп соғыстың болғанына нақты дәлел. Сондықтан да болар, сол кездегі КОКП ОК мен КСРО Министрлер кеңесінің 1983 жылдың 17 қаңтардағы қаулысымен барлық Ауған соғысына қатысушыларға «Жеңілдік туралы куәлік» беруге мәжбүр болды. Өйткені боздағынан айырылған ана, аяқ-қолдан айырылған мүгедек, контузия алған жауынгер, із-түзсіз кеткен сарбаз және т.б. саны көбейді. Мұндай шығын тек соғыста болады.
Ал бұл соғыстың тарихи бағасы туралы тоқталатын болсақ, Кеңес Одағының 1941-1945 жылғы фашизмге қарсы соғысы төрт жылға созылды. Бірақ та оның толық тарихын жазып шығу үшін жарты ғасырдан астам уақыт жеткен жоқ. Сондықтан да 40-армияның Ауғанстан аумағында тоғыз жылдан астам уақыт жүргізген әскери қимылдары әкелген зардабын жазып шығу да біраз уақытты талап етеді. 1979-1989 жылдардағы Ауғанстандағы бұл соғыс ХХ ғасыр тарихына күрделі және қарама-қайшы парақтар ретінде кіретіні, сонымен қатар оған берілетін баға да әлі талай уақытты талап ететіні рас. Қалай айтсақ та бұл соғыс тарихқа енді. Оны ешкім өшіре алмайды.
– Қалай айтсақ та, бұл соғыс КСРО тарапынан басқыншылық кепте көрініс тапты. Ауғанстандағы соғыс барысында «Біз басқыншы елдің әскеріміз-ау» деген ой болған жоқ па?
– Сол кездегі кеңестік идеология әрбір Ауған соғысына қатысушыға сіздер интернационалдық борыштарыңызды өтеуге барасыздар деп имандай сендірді. Ешқандай жауынгер өзін басқыншымын деп ойлаған жоқ. Жауынгердің бар білгені Отан алдындағы берген антын адал атқару еді.
Басқыншы ретінде соғысып жүрміз деген ой ешкімде болған жоқ. Керісінше, берген антымды адал атқарайын деп алға ұмтылды. Мүмкін, сол уақыттағы тәрбие мен жүйе талабы солай болған болар...
– Ауғанстан соғысының зерттелу деңгейіне оралсақ. Елімізде бұл мәселемен айналысатын арнайы зерттеу институттары бар ма? Бұл жағынан бұрынғы КСРО көлеміндегі елдермен әріптестік мәселесі қай деңгейде?
– Зерттеу институттары бар деп айта алмаймын, бірақ ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер бар. Бұл ұйымдар және жеке ардагерлер бұрынғы КСРО көлеміндегі әріптестермен әрқашан байланыста. Бір-екеуін айтар болсам, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев басқаратын «Ауған соғысы ардагерлер қауымдастығы», Бақытбек Смағұл жетекшілігіндегі Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы, Шәріп Өтегенов басқаруындағы «Жергілікті соғыс және Ауғанстан ардагерлері одағы» және т.б. ұйымдар. Мәскеуде Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тумасы Руслан Аушев басқаратын ТМД үкіметтері басшылары кеңесі жанындағы «Жауынгер-интернационалистер істері жөніндегі комитет» бұрынғы он бес одақтас республика ардагерлері ұйымдарымен жұмыс істейді. Бұл ұйым әсіресе соғыста із-түзсіз кеткендерді іздеп табуда біршама жұмыстар атқарып жатыр. Осы ұйымдардың мұрындық болуымен 2012 жылы екі жерлесіміздің, көкшетаулық Алексей Зуев пен түркістандық Абдулхаким Ергешовтің мәйіті туған жер топырағына қайта жерленді.
– Бір сұхбатыңызда қазақ баласы жасаған ерлікті басқалардың атына телу көп болды депсіз. Ол қандай ерліктер еді?
– Кеңестік қоғамда орыс ұлтының өкілдері батыр атағын көп алды. Ауған соғысында 86 адам батыр атағын алса, соның біреуі ғана қазақ. Ол – Қайыргелді Майданов. Оған да бұл атақ оңайлықпен берілген жоқ. Екі рет Ауған соғысына қатысып, талай жауынгерді ажал аузынан аман алып, өзі мінген тікұшаққа тиеп үлгерген Майдановтың ерлігін Кремль мінсіз мойындауға мәжбүр болды. Ауған соғысында қаһарман комбат, қазіргі Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевқа да сол кезде-ақ батыр атағы берілуі керек еді. «Қара майор» атанған Борис Керімбаевқа, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлға бұл атақ бұйырмады. Қазақ жігіттерінің арасында екі реттен Қызыл Жұлдыз орденін таққандар бар. Мысалы, Өскен Сағұлов, Асхат Ауғанбаев және т.б. Олар да батыр атағына лайық. Қазақ жігіттерінің жасаған ерлігі өз деңгейінде бағаланған жоқ.
– Соғыс аяқталған соң жүргізілген статистикаға сүйенсек, Ауған соғысына қатысқандардың 30-40 пайызы психологтардың көмегіне зәру болған дейді. Ауған синдромын немен түсіндірер едіңіз?
– Соғыстың қанды қырғынынан өткен адам тағдыры – қаталдыққа толы, қайшылықты, қиын тағдыр. Бұған әсер ететін фактор – посттравматикалық синдром. Синдром әсерінен адамның қоғамдық ортадағы өзін-өзі ұстауы өзгереді. Оның негізгі белгілеріне, бітімге келе алмау, бейбіт шешуге болатын қақтығыстарда тек дене күшін қолдану жатады.
Кеңестік кезеңде Ауған соғысынан оралған жауынгерлерге ешқандай психологтар бөлінген жоқ. Оны өзіміз де білмедік. Тек әскерден оралғанда 10 күн ауруханаға жатқызды, көбінесе жұқпалы ауруды тексеру үшін. Бірақ уақыт өте келе соның зардабын тартып жүрміз. Менің өзім әлі күнге дейін кей кездерде соғыста жүргенім туралы түс көремін. Кейбір қаруластарымыз Ауған синдромын көтере алмай тағдырларын бұзып алса, кейбірі түрме табалдырығын да аттады. Осының бәрі Ауған синдромының әсері.
– Ауғанстанда қанша жыл болдыңыз?
– 730 күн, яғни толық 2 жыл менің әскери қызметім Ауғанстандағы 40-армия құрамында, кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің 201-дивизия солдаттарының қатарында сапқа тұрып соғысқа қатысумен өтті.
– Қанша рет жарақаттандыңыз?
– Алла қолдап, денеме оқ тиген жоқ. Бірақ ауыр контузия алдым. Соның салдарынан әлі күнге дейін жылына екі рет ем аламын. Шетелге де барып емделдім.
– Сіз үшін соғыс философиясы неде?
– Соғыс философиясы туралы Бауыржан Момышұлынан артық қазақта асырып айтатын адам жоқ болар. Баукең бір сөзінде: «Мен соғыс туралы жазамын, бірақ соғысқа қарсымын» – деген екен. Сол сияқты менің де жарияланған еңбектерім соғыс тақырыбы мен батырларға арналған. Соғыстың өз заңдылықтары мен тактикасы бар. Егер қарсыласыңның көзін сен жоймасаң, ол сенің көзіңді жояды. Қалай болғанда да Отанға қауіп төнген жағдайда қорғануға, соғысуға тура келеді.
Әңгімелескен Алмас НҮСІП,
журналист